News_KZ

NU SEDS студенттері ұлттық зияткерлік сайыстың жеңімпаздары атанды

NU SEDS студенттері Рахымжан Оразғали (Механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасы, 2 курс), Санжар Санат (Құрылыс және экология инженериясы кафедрасы, 3 курс) және Бекзат Өмірзақ (Механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасы, 3 курс) – Назарбаев Университетінің «Brainstorm» командасы құрамында «Дара» ұлттық телевизиялық зияткерлік сайысында топ жарды.

«Қазақстан» РТРК ұйымдастырған жарыста Назарбаев Университетінің командасы Қазақстанның 28 үздік университетінен келген 32 командамен бақ сынасты. Төрт айға созылған қызу тартыста «Brainstorm» рекордтық 105 ұпай жинады. Соңғы турда олар АИТУ-дың «Digital Nomads» командасымен сайысқа түсіп, жеңіске жетті.

Жеңімпаздар байқау демеушілерінің арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің негізін қалаушы президенті Шигео Катсу мырза команда мүшелеріне мақтау қағаздарын табыс етті.