Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі 10-14 сәуір аралығында өз тарихында тұңғыш рет Ғылыми-зерттеулер апталығын өткізді. Шара жыл сайын 12 сәуірде аталып өтетін Қазақстан ғылым саласы қызметкерлері күніне орайластырылды және университет проректоры, мектеп деканы, оқытушылық-профессорлық құрам, студенттердің қатысуымен «SEDS Research Projects» көрмесінің ашылу салтанатымен басталды.
Бес күн ішінде көрмеде экология инженериясы, материалдар және энергетика, электротехника, құрылыс инженериясы, аддитивті өндіріс, есептеу әдістері мен модельдеу, информатика, машиналық оқыту және жасанды интеллект сияқты 7 бағыт бойынша 41 жоба таныстырылды. Бұл қатысушыларға пікір алмасуға және мектептегі соңғы зерттеулері туралы көбірек білуге тамаша мүмкіндік берді.
Ғылыми көмекшілердің бос орындар жәрмеңкесі барысында студенттер жұмысқа орналасу және ғылыми зерттеу саласындағы жаңа мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.
Бірқатар ақпараттық сессиялар мен семинарлар барысында мектеп өкілдері алты кафедрадағы академиялық бағдарламалар мен ғылыми-зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктері туралы айтып берді. Кездесу барысында болашақ студенттердің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде білім алу және шәкіртақы бойынша жеке кеңестер алуға мүмкіндіктері болды.
Сонымен қатар, NU ISSAI (Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты) және NURIS Fab Lab (Digital Prototyping Laboratory) сияқты университеттік ғылыми орталықтарының таныстырылымдары өтті. Онда қонақтар аталған орталықтардағы бірегей жобаларымен танысты. Сонымен қатар, оларға 3D принтерде, лазерлік машинада және плоттерде қалай жұмыс істеу керектігі көрсетілді әрі үйретілді. Бұған қоса матаға сурет салу тәсілі таныстырылды. Олар сондай-ақ ғалымдар өз сынықтарын жүргізетін және ғылыми жаңалықтар жасалатын 10-нан астам ғылыми зертханаларға барудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.
Апта "SEDS Talk" зияткерлік кешімен аяқталды. Онда жетекші профессорлар академиялық ортада қалай табысқа жетуге болатыны туралы бірегей идеяларымен бөлісті. TED стилінде ұйымдастырылған іс-шараға қызығушылық танытқандар қарасы көп болды. Кеш барысында профессорлар Вужин Ли, Мария Цакалеру, Ахан Әлмағамбетов және Атакан Варол өздерінің жеке тәжірибелерімен және академиялық ортада қалай табысқа жетуге болатыны туралы идеяларымен бөлісті. Кеш сұрақ-жауап сессиясына ұласты.