News_KZ

NU SEDS-тің бесінші түлектері қанат қақты

8 маусымда Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі (NU SEDS) салтанатты түрде студенттермен қоштасу рәсімін өткізіп, 588 студентке, оның ішінде 31 халықаралық студентке дипломдар табыс етті. Түлектердің ішінде 417 бакалавр, 150 магистр және 21 ғылым докторы болса, 51 студент үздік диплом алды.

Салтанатты шара екі бөлікке бөлінді. Күннің бірінші жартысында дипломдар Компьютерлік ғылымдар және Робототехника инженериясы кафедралары студенттері мен PhD студенттеріне табыс етілді. Түстен кейін тағы үш кафедра яғни Құрылыс және экология инженериясы, Механикалық және аэроғарыштық инженерия, Электротехника және компьютерлік инженерия, Химиялық инженерия және материалдар технологиясы кафедралары түлектері дипломдарын алды.

Биылғы жылы әлемдік университеттердің канондары бойынша өтетін дәстүрлі рәсім НУ оркестрі мен НУ вокалдық клубының құрамындағы мектеп түлектерінің өнер көрсетуімен толықтырылды. Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің деканы Елизавета Архангельская өзінің құттықтау сөзінде университеттің және мектептің жетістіктерін атап өтті.

«Биыл біз Назарбаев Университетінің 10-шы диплом табыстау рәсімін тойлап жатырмыз. Бұл біз бірге қол жеткізген тағы бір маңызды белес. 14 жыл бұрын біз нөлден бастадық. Бүгінде Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі 22 академиялық бағдарлама бойынша шамамен 2500 студент оқитын Назарбаев Университетіндегі ең ірі мектептердің бірі болып табылады. 2019 жылы Инженерия мектебі мен Ғылым және технология мектебінің бір бөлігі біріктірілді, сол жерден біз мектебіміздің тарихындағы жаңа тарауды бастадық. Мектептің негізін қалаушысы әрі алғашқы деканы, профессор Василиос Турассистің нық басшылығымен COVID-пандемия кезеңін қоса алғанда біз оқуда, оқытуда және зерттеуде үлкен жетістіктерге жеттік. Бүгінгі таңда біз Times Higher Education World University Ranking рейтингінде университеттердің үздік 30% қатарында және Қазақстандағы №1 университет болғанымызды мақтан тұтамыз», - деді доктор Архангельская.

Ол сонымен қатар университет әкімшілігі мен басшылығына, атап айтқанда, президент міндетін атқарушы және провост Илесанми Адесидаға алғысын білдірді.

Құрылыс және экология инженериясы кафедрасының түлегі Ақмарал Ағыбаева университеттегі 12 жылы, осы уақыт аралығында бакалавриат, магистратура және Ph.D дәрежесін алғаны туралы айтып берді.

«Бұл жер маған білімнен де көп нәрсе яғни жеке және кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндігін берді әрі бүгінгі мені қалыптастырды», - деді ол.

Компьютерлік ғылымдар бакалавры бағдарламасының түлегі және НУ Студенттік үкіметінің бұрынғы президенті Ерасыл Қадіржанов COVID-19 пандемиясы кезінде оқуға түскен өз тобының бірқатар қиындықтарды бастан өткергендерін атап өтті.

«Біз бірге пандемиядан, саяси дағдарыстардан, басшылықтағы өзгерістерден және басқа да көптеген оқиғалардан аман өттік. Бірақ бұл оқиғалар биіктерге жетуімізге кедергі болған жоқ», - деді Қадіржанов.

Инженерлік менеджмент магистратурасының түлегі Евгений Лухманов Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі беретін бірегей білім туралы пікірімен бөлісті.

«SEDS білімінің ерекшелігі – ол сізді инженер сияқты ойлауға яғни күрделі мәселелерді бөлшектеуге, шешімдерді табуға және ең жақсы әдісті тапқанша қайталауға үйретеді», - деді Лухманов.

Химиялық инженерия және материалдар технологиясының бакалавры бағдарламасының түлегі Әліби Намазбай өз сөзінде түлектерді болашаққа сеніммен қарауға шақырды.

«Өткенімізге көз жүгірте отырып, біз мүмкіндіктер мен қиындықтарға толы болашаққа қараймыз. Белгісіз болашақ біздің бойымызға көптеген күмәндар мен қорқыныштарды ұялатады, бірақ біздің батылдықты күшейтетін де осы қорқыныш пен күмән екенін ұмытпауымыз керек», - деді ол.

Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің түлектері саны жылдан жылға тұрақты түрде өсуде. Биылғы жылы бакалавриат бағдарламаларын тәмамдағандар саны өткен жылғы 1313-тен 1730-ға дейін өсті. Магистратура түлектерінің саны да 496-дан 646-ға, PhD дәрежесін алғандардың саны 43-тен 64-ке көбейді. Мектептің негізі қаланған уақыттан бері яғни бес оқу жылында түлектер саны 2500-ге жуықтады.