News_KZ

Jas Social Impact 2022 жеңімпаздары: «Shelter.kz» жобасы

Назарбаев Университетінде Әлеуметтік даму қоры ұйымдастырған «Jas Social Impact» байқауының кезекті жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Бұл жолы Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің екі студенті байқаудың жеңімпазы атанды. «Social Projects» аталымында Алмат Әбілез өзінің «Shelter.kz» жобасымен жеңіске жетсе, Әлихан Тәліпбаевтың «Gulde» ​​жобасы «Idea Grant» аталымында топ жарды.

«Jas Social Impact» – жоғарыда аталған қордың әлеуметтік жобалар мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған гранттық байқауы.

Байқау жыл сайын Назарбаев Университеті қауымдастығы мен НЗМ түлектері арасында ұйымдастырылады. Қаржыландырудың екі түрі бар. Әлеуметтік кәсіпкерлік гранты – 5 000 000 теңгеге дейін және әлеуметтік инвестиция – 10 000 000 теңгеге дейін.

Жеңімпаздармен кеңірек таныстыру үшін сұқбат ұйымдастырып, жобалары туралы айтып беруін өтіндік. Олардың біріншісі – «Инженерлік менеджмент» мамандығы бойынша магистратураның 2 курс студенті, «Shelter.kz» жобасының жетекшісі Алмат Әбілез. Жобаның тең құрылтайшысы Байсалов Әсет те «Инженерлік менеджмент» мамандығы бойынша магистратураның 2 курс студенті.

Алмат, жобаңыз туралы айтып берсеңіз? Идея қайдан келді?

«Shelter.kz» – бұл қалалық панажайлардағы барлық үй жануарлары туралы ақпарат жарияланатын платформа. Ол тұрғындарға үй жануарын тауып, таңдауға көмектеседі әрі қаңғып қалған иттер мен мысықтарға да тезірек өз иесін кезіктіру мүмкіндігін арттырады. Сондай-ақ, панажайларға қолдау көрсеткісі келетін немесе тіпті белгілі бір үй жануарының қамқоршысы болғысы келетін адамдар бар. Біздің платформа оларға мұны істеудің ыңғайлы тәсілін ұсынады. Идея достармен ақылдасу кезінде келді, өйткені біз бәріміз иесіз қалған үй жануарларына қатысты қазіргі жағдайды өзгерткіміз келді.

Неліктен дәл осы саланы таңдадыңыздар? Сіздің жобаңыз қандай пайда әкелуі мүмкін немесе ол қандай мәселені шешеді?

Біздің елде қазір иесіз қалған үй жануарларының мәселесі өзекті болып тұр. Біз бұл жағдайды өзгерткіміз келеді. Ол үшін халықтың сана-сезімін арттыруымыз қажет. Біздің қызмет мұны істей алады деген үміттеміз.

Келесі қадамдарыңыз қандай болмақ?

Біз осы жылы платформаны сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз. Жұмысын бақылап, кері байланыс орнатамыз. Артынша қосымша мүмкіндіктерді енгіземіз. Содан кейін дерекқорға жаңа панажайларды қосуды жалғастырамыз. Түпкі мақсатымыз – Қазақстандағы барлық панажайларды қамту.