News_KZ

NU SEDS студенті Арман Болатов IMC 2022 алтын медалін жеңіп алды

Арман Болатовтың көрсеткіші қазақстандық қатысушылар арасында ең үздік болып табылады.

2022 жылғы 1-5 тамыз аралығында Болгарияның Благоевград қаласында университет студенттеріне арналған 29-шы Халықаралық математикалық олимпиада (IMC) болып өтті. Ол 1994 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді және Уильям Лоуэлл Патнем атындағы Олимпиада сияқты студенттерге арналған ең беделді халықаралық математикалық олимпиада болып саналады.

Биыл олимпиадаға Назарбаев Университетінен бір ғана студент қатысты, ол Арман Болатов. Арман – «Компьютер ғылымдары» мамандығы бойынша бакалавриаттың үшінші курс студенті. Ол сонымен қатар Ақылды Жүйелер мен Жасанды Интеллект Институтының (ISSAI) ғылыми қызметкері және университетіміздің Өнеркәсіптік және қолданбалы математика қоғамы клубының (SIAM) мүшесі.

«Мен олимпиада туралы хабардар еткені және команданы іріктеуді ұйымдастырғаны үшін SIAM клубына алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, олимпиада барысында мені қадағалағаны және дайындыққа көмектескені үшін NU SSH Математика кафедрасының Ассистент профессоры Петр Скрипачқа алғысымды білдіргім келеді. Біз профессор Скрипач ұсынған есептер жинағымен және бұрынғы IMC, Putnam және румыниялық MO есептерін шешу арқылы дайындалдық. Мен университетімізге IMC-дан алтын медаль әкелген екінші студенті болғаным үшін өте қуаныштымын. Алайда, биылғы жылы оны ұйымдастыруда қиындықтар туындады, соның салдарынан НУ-дағы көптеген мықты математиктер оған қатыса алмады. Келесі жылы университетіміз осы олимпиадаға бүкіл команданың жолдамаларын қаржыландырып, бұдан да көп алтын медальдар әкелеміз деп сенемін!» – дейді Арман Болатов.

«Екі күнге созылған жарыста Арман 43/80 ұпай жинады, яғни 8 қиын есептің 4-еуін толық шешті, бұл өте жақсы нәтиже. Арман –математика десе, ішкен асын жерге қояды. Ол тіпті математика профессорларының қолынан келмейтін есептерді де шеше алады», – деді ассистент профессор Петр Скрипач.

Биыл студенттер Благоевградта (Болгария) гибридті режимде яғни офлайн және онлайн жарысты. Бұл қатысушылар саны жағынан ең үлкен Олимпиада болды. Биыл оған 664 студент және 100 команда қатысты. Сайыс екі кезеңнен тұрды, әр кезең төрт сағатқа созылды.