News_KZ

Мамандықтар жәрмеңкесі 2022: NU SEDS өкілдері мамандық таңдауда екіойлы болып жүрген жастарға бағыт-бағдар берді

15 қыркүйекте Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің профессорлары жыл сайынғы мамандықтар жәрмеңкесіне қатысты. Академиялық кеңес беру кеңсесі университет кампусының атриумында ұйымдастырған шара ұзын-ырғасы 2 сағатқа созылды. Мұндағы мақсат – мамандық таңдауда екіойлы болып жүрген бірінші курс студенттері мен NUFYP (Nazarbayev University Foundation Year Program) – Назарбаев Университеті Дайындық мектебінде білім алып жатқан жастарға бағыт-бағдар беру.

Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің 11 профессоры мен 1 нұсқаушысы жастармен жүзбе-жүз кездесіп, осындағы 6 бакалавриат бағдарламасы туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Өз кезегінде, жастар көкейде жүрген түрлі сұрақтарын қойды. Шараға қатысқан қазіргі студенттер болса, өз тәжірибелерімен бөлісті.


Академиялық кеңес беру кеңсесінің мамандықтар жәрмеңкесі биыл бұрынғыдан сәл өзгерек өтті. Бұл жолы олар қосымша «AAO Talks» атты арнайы іс-шара ұйымдастырды. Онда НУ оқытушылары, озық студенттер мен табысты түлектер бір сағат бойы пікір алмасып, өз көрген-білгенімен бөлісті, еңбек жолы туралы әңгімелеп, табысқа қалай жеткендерін айтып берді. Аталған шараға Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі атынан  «Компьютер ғылымдары» мамандығы бойынша бірінші курс студенті Едіге Әкімәлі қатысты. Ол жуырда ғана «Big Idea Challenge» халықаралық бейне питчинг байқауында «Soyles» атты жобасымен жеңімпаз атанған болатын.