News_KZ

NU SEDS-тен биыл 514 түлек қанат қақты

2022-06-10 18:08

Маусымның 10-ы күні Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі  сегізінші түлектерін шығарып салды. Түлектермен қоштасу рәсімі дәстүрге сай академиялық шерумен басталды. Артынша осы академиялық жылда өмірден озған профессорлар мен студенттердің құрметіне  бір минуттық үнсіздік жарияланды. Салтанатты рәсім әрі қарай мектеп деканы Вассилис Турассистің құттықтауымен жалғасты. Декан университетпен қоштасудың толғанасы көп ерекше сәт екенін еске салды әрі болашаққа аттағалы тұрған қадамдарына сәт-сапар тілеп, өз алма-матерін ұмытпауға шақырды. 

«Болашақ қандай болса да, біз өз тамырымызды ұмытпауға тиіспіз. Көп жағдайда өзгелер  сіз туралы  алма-матеріңізге қарап ой түйеді. Сіздер Назарбаев Университетімен әрқашан ерекше байланыста боласыздар. Сіздер оның жеткен жетістіктерімен мақтануға тиіссіздер. Университет те сіздердің биіктеріңіге соншалықты қуанатын болады»,-деді Вассилис Турассис. 

Бұдан соң түлектерге жылы лебізін рәсімге  құрметті қонақ ретінде шақырылған ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин білдірді. Ол  Назарбаев университеті – мамандар ұстаханасы дей келе, түлектерді алған білім мен тәжірибелерін мемлекет игіліне жұмсауға шақырды.

«Бүгінгі таңдағы өрлеуіміз – инженерлік ойдың жемісі. Қазір еліміз өз дамуының жаңа кезеңінде тұр. Тәуелсіздік жылдары ауқымды жұмыстар атқарылды, соның нәтижесінде Қазақстан БҰҰ рейтингінде электронды үкіметті дамыту бойынша 29-орынға тұрақтады. Бірақ көшбасшылық позицияны сақтап, әлемдік нарыққа шығу үшін бізге сіздер яғни жас, креативті әрі  қабілетті кадрлар қажет. Сіздердің серпінді идеяларыңыз өсудің драйверіне айналып, елдің дамуына елеулі үлес қосатындарыңызға сенемін», – деді вице-министр.

Артынша мектептің бірқатар үздік студенттері өз естіліктерімен бөлісіп, ұстаздарына қажырлы еңбектері үшін ризашылықтарын білдірді. 

Компьютер ғылымдар саласындағы ғылым бакалавры Бақдәурен Нарбаев «Құрметті SEDS мектебінің ұжымы, сіздердің енбектеріңіз бен ынталарыңыздың арқасында біз осындай дәрежеге жетіп отырмыз. Арамыздан шығатын әрбір ғалым, өнертапқыш, кәсіпкер, спортшы, шебер осы мектептің түлегі болып саналады. Осындай әрбір түлектің бойынан біздің университетіміздің ДНҚ-сы табылатынына сенімдімін»,- деді. Бақдәурен, Математикадан халықаралық олимпиадада күміс және қола медальдармен марапатталды (Болгариядағы Америка университеті, Лондон университеттік колледжі).  Әл-Хорезми атындағы халықаралық математикалық олимпиаданың күміс медалімен марапатталды (Үргеніш мемлекеттік университеті, 2018 ж. қазан).

Өз кезегінде  Асқар Жаналиев болса «Университетте біз білімді тек кітаптар мен лекциялардан алмадық. Айналамыздағы адамдардан да үйренгеніміз аз болмады. Бақытымызға қарай, Назарбаев Университетінде бізді жақсырақ жұмыс істеуге жігерлендіретін, ақыл-ойы биік, еңбекқор, талантты адамдар көп болды. Бұл расымен де, білім әлеміне керемет сапар еді. Осы жолда қолдау білдірген  факультет мүшелерінің бәріне алғысым шексіз” дегенді айтты. 

Асқар Инженерлік менеджмент магистрі дәрежесін ең жоғары GPA-мен алып отыр.  Бірнеше Idea Sprint Challenge 2021, Accenture Case Championship 2021, Top Talents 2020, Procter & Gamble CEO Challenge 2021, JTI Make it Bright 2021 жоғары сапа марапатына қатысты. Норвегиядағы Ставангер университетіне алмасу бағдарламасына таңдалды.

Айтып өту керек, түлектермен қоштасу рәсімі коронавирус пандемиясы салдарынан бірер жылға  үзіліп қалған болатын. Университет қабырғасында қалыптасқан дәстүрге сәйкес өткізілген бұл жолғы  рәсімде  Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі   жалпы саны 514 түлекке диплом табыстады.   Олардың 344-і бакалавр, 162-сі  магистр, 8-і доктор дәржесін алды.