News_KZ

NU Орталық Азиядағы ең үздік зерттеу университеті болып танылды

NU беделді Times Higher Education (THE) рейтингінің 2025 жылғы нұсқасында үздік 600 университеттің қатарына кіріп, Орталық Азияның үздік университеті атағын сақтап қалды.

Барлығы Қазақстаннан халықаралық рейтингке төрт оқу орны кіргеню Олар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1201-1500), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті (1500+), Satbayev University (1500+) және NU. Атап өту керек, NU осы төрттік арасында көш бастап тұр.

«Осындай мықты рейтинг бойынша Орталық Азияның үздік университеті атану біздің оқу орнында жүргізілетін зерттеу жұмыстарының жоғары дәрежеде екенін дәлелдейді. Бар болғаны 15 жылда осындай нәтиже көрсету – жас университет үшін үлкен жетістік. Біз әрі қарай дамуды жалғастырып, нәтижелерімізді одан да арттыруға тырысатын боламыз», — деді NU президенті Вакар Ахмад. Ол NU-ға ауысқанға дейін Абу-Даби университетінінің президенті болған. Аталған оқу орны бүгінгі таңда THE рейтингінде 191-орында.

NU – ТМД елдері оқу орындары арасында 5-орында яғни «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университеті, Ұлы Петр Санкт-Петербург политехникалық университеті және Томск мемлекеттік университетімен бір жүздікте (501-600) топталған.

Еске сала кетейік, Times Higher Education бойынша NU Азия елдері университеттерінің ішінде – 129-шы, ал жас оқу орындары қатарында 106-шы орынға жайғасқан. Одан бөлек, NU-дың 22 пәні THE-дің пән бағалау рейтингіне де кірді, атап айтқанда, білім беру, әлеуметтік ғылымдар, инженерия және компьютер ғылымдары бағыттары бойынша жоғары бағаланған.

Университет қабырғасында жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулер мен жалпы ғылымның дамуы арқасында оқу орны осындай ауыз толтырып айтуға тұрарлық жетістікке жетіп отыр. Стэнфордтың бағалауы бойынша, NU-дың 35 ғалымы әлем бойынша ғылыми жұмыстарына өзге ғалымдар ең жиі жүгінетін зерттеушілердің 2%-ы қатарына кірді. «NU – Қазақстандағы ғылымның қозғаушы күші. Стэнфорд университетінің рейтингіне кірген 51 қазақстандық ғалымның 35-і – біздің оқу орнының қызметкерлері. Сондай-ақ біз елдің ғылым саласына жоғары ғылыми нәтижелер арқылы үлес қосудамыз. Оған қоса, басқа қазақстандық университеттермен ынтымақтастық орнатып, жалпы елдегі білім саласындағы стандарттарды көтеруге көмектесудеміз», — деді Вакар Ахмад.

Дереккөз: Назарбаев универстетінің сайты