News_KZ

Назарбаев Университеті мен ҚазҚСҒЗИ ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды: Бұдан NU SEDS пен Қазақстанға келер пайда қандай?

Меморандумның мақсаты – университет пен «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу жобалау институты» АҚ (бұдан әрі – ҚазҚСҒЗИ) арасында «Қазақстандағы қолданыстағы және жаңа ғимараттарға жергілікті әсерлер ескерілген сейсмикалық қауіптің ықтималды бағасы» атты ғылыми зерттеулер мәселелері бойынша ынтымақтастық орнатуды және дамыту. Бұл зерттеу Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы ғимараттарға жер сілкінісінің қаупі мен тәуекелін бағалауға бағытталған. Қауіпті және тәуекелді бағалау жергілікті әсерлер (терең шөгінділер) есепке алынған сейсмикалық қауіп ықтималдығын талдау (СҚЫТ) және сейсмология мен құрылысты қоса алғанда, пәнаралық тәсілге негізделген құрылымдық-динамикалық талдауды қамтиды.

Меморандум аясында тараптар бірлескен зерттеулер, дәрістер мен симпозиумдар өткізуге ниетті. Сондай-ақ екі тарапты да қызықтыратын салалар бойынша ақпарат пен материалдармен алмасу күтілуде. Сонымен қатар, тараптар бір-бірін ғылыми-танымдық іс-шаралар мен перспективалық жобалар туралы да хабардар етуге келісті.

Құжатқа Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу мен «ҚазҚСҒЗИ» AҚ -ның Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Ералы Шоқбаров қол қойды.

Бұл іс-шараның маңызын бағамдау үшін ҚазҚСҒЗИ-дың нақты немен айналысатынын түсіндіріп өткен жөн. ҚазҚСҒЗИ жер сілкінісіне төзімді құрылыс мәселелері бойынша Қазақстандағы жалғыз жетекші мамандандырылған мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау ұйымы болып табылады.

ҚазҚСҒЗИ-мен ынтымақтастықтың Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіне бірқатар пайдасы бар. Осы ынтымақтастыққа бастамашылық еткен мектептің Aссистент профессоры және аталған жобаның жетекшісі Санг-Ву Мун бізбен болған сұхбатында осылай деді.

«Біріншіден, біз бірлескен зерттеулер жүргізе аламыз. Екіншіден, жобамыз үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Мысалы, сейсмикалық микроаймақтандыру үшін ығысу толқынының жылдамдығы профильдері жасалады және сынақтардың бірнеше түрін (жер үсті толқындарының көп арналы талдауы сияқты ) орындау үшін бірқатар сынақ алаңдары (қолжетімділікке рұқсаты бар) беріледі. Топырақтың динамикалық қасиеттерін анықтау үшін сынақ алаңдарынан бұзылмаған топырақ үлгілері алынады. Сонымен қатар, Қазақстандағы қолданыстағы топырақ профильдері мен инженерлік топырақ қасиеттері туралы ақпарат жиналады. Құрылыстың сейсмикалық осалдығын бағалау үшін қолданыстағы және жаңа ғимараттар үшін жобалау және құрылыс туралы ақпарат жиналады», – деді Санг-Ву Мун.

Ол бұл ынтымақтастықтың екі тарапқа ғана емес, елге де тиімді екенін баса айтты.

«19 ғасырда және 20 ғасырдың басында Қазақстан аумағында бірнеше жойқын жер сілкінісі болды (мысалы, 1885 жылы Беловодское, 1887 жылы Верный, 1889 жылы Шілік және 1911 жылы Чоң-Кемин) және магнитудасы азырақ бірқатар жер сілкіністері де жиі тіркелді. Қазақстанда сейсмикалық зерттеулер жасалған. Дегенмен, дәл әрі заманауи сейсмикалық микроаймақтандыру және сейсмикалық қауіпті бағалауды жүргізу екі тарапқа және елге де тиімді болар еді. Өйткені бұл Қазақстан үшін жер үсті толқындарының көп арналы талдауы, модификацияланған Меркали шкаласы және тереңдікке тәуелді учаске коэффициенттерін ескере отырып геофизикалық сынақтарды жүргізудің алғашқы тәжірибесі болмақ », – деп түсіндірді Санг-Ву Мун.

Ол сонымен қатар ҚазҚСҒЗИ-дің осы аптада геотехникалық есептері бар бірнеше ықтимал сынақ алаңдарын ұсынатынын айтты.

«Менің зерттеу тобым деректерді және қолжетімді сынақ алаңдарын қарап шыққаннан кейін, біз ҚазҚСҒЗИ-мен алдағы іс-шаралар жоспарын талқылайтын боламыз (мысалы, қосалқы мердігерлік келісім, сынақ жүргізілетін алаңдарға бару және бірқатар сынақтар өткізу)».

Жобаны жүзеге асыру биыл басталды, оны аяқтау 2024 жылға жоспарланған.

«Жобадан күтілетін нәтижелерге келсек, олар – сейсмикалық микроаймақтандыруды жүргізу, алаңның тереңдік коэффициенттері мен сейсмикалық қауіптің ықтималдық карталарын әзірлеу және Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы құрылымдардың сейсмикалық осалдығына баға беру. Осы нәтижелер негізінде геотехникалық, құрылымдық жобалау және сейсмикалық қауіпті азайтумен айналысатын мемлекеттік органдарға жаңа және қолданыстағы ғимараттарды жобалау және жаңғырту бойынша ұсынымдар беріледі», – дейді Санг- Ву Мун.

Айта кету керек, бұл бірлескен зерттеу бағдарламасы. Жоба аясында Назарбаев Университеті Қазақстандағы Еуразия ұлттық университетімен, АҚШ-тың Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетімен (UIUC), Сингапур Ұлттық университетімен (NUS), Кореядағы Улан ұлттық ғылым мен технология институтымен (UNIST) және Конкук университетімен ынтымақтастықта.