News_KZ

SEDS профессорлары мен студенттерінің Mirai Tech жобасы, NURIS Founders' мектебінің бас жүлдесін жеңіп алып, Сан-Францискодағы TechCrunch Disrupt 2024 іс-шарасына қатысу құқығына ие болды

Назарбаев Университетіндегі Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің (SEDS) профессорлары мен студенттері жасаған Mirai Tech жобасы NURIS Founders' мектебінің бас жүлдесін жеңіп алып, 2024 жылдың 28-30 қазаны аралығында АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында өтетін беделді технологиялық оқиға –TechCrunch Disrupt 2024-ке қатысу құқығына ие болды.

TechCrunch Disrupt – соңғы әзірлемелерді көрсететін әлемдегі ең ірі технологиялық конференциялардың бірі. Конференцияның негізгі шарасы – Startup Battlefield 200 байқауы. Онда дамудың бастапқы кезеңінде 200 стартап өз инновацияларын ұсынады. Олардың ішінен тек 20 жоба ақтық сында 100 000 АҚШ доллары көлеміндегі бас жүлде үшін бәсекелесетін болады. Конференция сонымен қатар жаңа ынтымақтастық орнатуға, дөңгелек үстелдерде жобаларды талқылауға және технология секторындағы әлеуметтік іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді.

TechCrunch Disrupt Dropbox сияқты бірқатар компанияның пайда болып кейін кірісі миллиард доллардан асатын «кербезмүйіздерге» айналуына себепкер болған іс-шара.

Профессор Гүлнұр Қалимолдина жетекшілік ететін жасанды интеллектке негізделген Mirai Tech жобасы аутизмге шалдыққан және қимыл-қозғалысы бұзылған балаларға көмектесуге арналған инновациялық сенсор технологиясын ұсынды. Микро/Наноинженерлік зертханамен және ARMS зертханасымен бірлесіп әзірленген бұл сенсорлар терапиялық нәтижелерді жақсарту үшін күтім көрсетушілер мен терапевттерге нақты уақыт режимінде маңызды ақпаратты береді.

«NURIS Founders' мектебінде біздің зерттеулерімізді нақты бизнеске айналдыруға мүмкіндік берді», - дейді профессор Калимолдина. «Біз NURIS-ке, НУ әлеуметтік даму қорына және SIT қорына жобамызды қолдағаны үшін алғыс айтамыз».

Mirai Tech командасын осы маңызды жетістікпен құттықтаймыз! TechCrunch Disrupt-те олар халықаралық сахнада өз дамуын көрсетеді, инвесторларды тартуға және өнімді коммерцияландыруды жеделдету үшін серіктестер табуға мүмкіндік алады.

Жобаның негізін қалаушы, профессор Гүлнұр Қалимолдинамен сұхбат

NURIS Founders' мектебі шарасына қатысуыңызды қалай бағалайсыз?

Бұл трансформациялық тәжірибе болды. Біздің команда табиғи түрде жиналды: кейбіреулеріміз зертханада бірге жұмыс істедік, басқалары жобаларын аяқтағаннан кейін қосылды. Студенттер инженерия, робототехника және машиналық оқыту сияқты әртүрлі салалардан. Ең қиыны тайм-менеджмент болды – креативті идеялар мен дайын өнімді қысқа мерзімде ұсыну қажеттігі арасындағы теңгерімді сақтау қажет болды. Бірақ команданың икемділігі мен ынтымақтастығы арқасында біз барлық қиындықтарды жеңдік.

Жоба туралы айтып беріңізші.

Біздің жоба аутизммен ауыратын балаларға қозғалыс координациясын және сенсорлық интеграцияны жақсартуға көмектесетін киілетін жасанды интеллект сенсорларын дамытуға бағытталған. Біз терапевттерге жылдам кері байланыс беретін жүріс пен аяқтың қысымын қадағалайтын ұлтарақтар әзірледік.

Жоба қандай проблеманы шешеді және пайдасы қандай болмақ деп үміттенесіз?

Біз қозғалысы бұзылған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін қолжетімді шешім жасауға ұмтыламыз. Бұл өнім мамандарға терапияның тиімділігін арттыру үшін нақты деректер береді.

Топ мүшелері

Mirai Tech командасының негізгі мүшелері:

• Гүлнұр Калимолдина – жобаның негізін қалаушы, Механикалық және аэроғарыштық инженерия кафедрасының Қауымдастырылған профессоры, техника ғылымдарының докторы (Токио технологиялық институты), микро/наноинженерия зертханасының меңгерушісі.

• Азамат Ешмұхаметов – Робототехника кафедрасының постокдоранты, робототехника және электроника саласындағы сарапшы.

• Медетхан Алтымбек – жоба жетекшісі, робототехника және машиналық оқыту бойынша маман.

• Данияр Даулетия – бес жылдық тәжірибесі бар әзірлеуші ​​инженер.

• Аделия Анаш – жоба менеджері, машина жасау және материалдарды жобалау саласындағы сарапшы.

• Датчиктерге, материалдарға, робототехникаға және машиналық оқытуға маманданған Назарбаев Университетінің PhD, MSc және BSc дәрежесі бар тәжірибелі зерттеушілер тобы.

Ойтүйін

Оқиғаның қай сәті көбірек есте қалды?

Менің ең есімде қалғаны – ақтық сындағы питч. Сарапшыларға өз идеямызды ұсыну және бірден оң пікірлер алу жобамыздың нақты әлеуеті бар екеніне сенімділік берді.

Байқаудан қандай ой түйдіңіздер?

Біз қысылтаяң шақта жылдамдық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын білдік. Сонымен қатар, мақсатты нарықты түсіну және проблема мен оның шешімін қысқа әрі нұсқа жеткізу үшін ұсынысымызды нақтылау бойынша құнды дағдыларға ие болдық. Питчингтің жобаны ғылыми қауымдастыққа таныстырудан басқаша екеніне көз жеткіздік әрі ғылыми терминдерді азырақ қолданып, қалың жұртшылыққа түсінікті, қарпайым тілмен жеткізді үйрендік.

TechCrunch Disrupt 2024

Сіздер енді әлемдік технология индустриясындағы басты оқиға Сан-Францискодағы TechCrunch Disrupt 2024 шарасына қатысқалы отырсыздар. Мақсат қандай болмақ?

Біздің мақсатымыз – өнімімізді жаһандық сахнаға шығару, әлеуетті инвесторлармен байланысу және технологиямыздың дамуы мен коммерциялануын жеделдету үшін серіктестік құру.

TechCrunch Disrupt-тен нені күтесіз? Сіз көруді асыға күтетін нақты стартаптар немесе спикерлер бар ма?

Біз озық стартаптармен және сала көшбасшыларымен байланыс орнатуды асыға күтудеміз. Әсіресе денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект пен өнімге көзқарасымызға сәйкес келетін киілетін технологиялар бойынша сессияларға қатысқымыз келеді.

Болашақ жоспарлар

Жобаны одан әрі дамыту бойынша келесі қадамдарыңыз қандай болмақ?

TechCrunch Disrupt шарасынан кейін біз кері байланыс негізінде өнімімізді жетілдіруді және оңалту орталықтарымен серіктестікте пилоттық сынауды бастауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ өнімді нарыққа шығару үшін қаржыландыру мүмкіндігін қарастырудамыз. Сынақтан өткеннен кейін жетілдірілген прототип жасаймыз және Ұлттық балаларды оңалту және диагностика орталықтарымен ынтымақтастық орнатуға ниеттіміз.

Founders' Weekend және TechCrunch Disrupt-те алған дағдыларыңыз бен тәжірибеңіз болашақ жұмысыңызға немесе мансабыңызға қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Бұл тәжірибе бізге стартап-экожүйелер мен денсаулық сақтау саласындағы инновацияларды тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Біз бұл білімді өнімімізді коммерцияландыру және технологиямыздың басқа әлеуетті қолданбаларын зерттеу үшін пайдалануды жоспарлап отырмыз.

Студенттерге арналған кеңестер

Инновация немесе стартап байқауларына қатысуға қызығушылық танытып жүрген студенттерге қандай кеңес берер едіңіз?

Қоғамдағы нақты проблемаларды шешуге назар аударыңыздар дер едім. Өзіңізді қызықтыратын проблемадан бастаңыз және жобаңызды соның айналасында жасаңыз. Өзіңізді қарым-қабілетіңізді дамытатын адамдармен қоршаңыз.

Студенттер Founders' Weekend сияқты іс-шараларға және TechCrunch Disrupt сияқты халықаралық іс-шараларға қалай дайындалғаны жөн?

Дайындық маңызды. Нарықты зерттеңіз, ұсынысыңызды жетілдіріңіз және оны нақты жеткізду үйреніңіз. Нетворкинг яғни өзгелермен қарым-қатынас құрудың маңыздылығына мән беріңіз. Себебі бұл сізге күтпеген мүмкіндіктерге есік ашуы мүмкін.

Профессор Гүлнұр Қалимолдина мен оның командасының NURIS Founders' мектебіндегі жетістігі Mirai Tech компаниясының жеңісі ғана емес, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің, сондай-ақ Назарбаев Университетінің инновациялық рухының жарқын мысалы. Олардың жасанды интеллектпен жұмыс істейтін аяққа киетін технологиясы аутизммен ауыратын балалардың өміріне айтарлықтай оң әсер ету мүмкін. Осылайша жоба күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді шешудегі зерттеулер мен ынтымақтастықтың маңызды рөлін көрсетеді.

TechCrunch Disrupt 2024 шарасына дайындық барысында команда өз өнімін жақсартуға және оның дамуын жеделдету үшін жаңа серіктестер табуға баса назар аударады. Профессор Қалимолдина: «Бұл саяхат бізге инновация тек техникалық білімді ғана емес, сонымен қатар бейімделуді және біздің нақты қандай өзгеріс жасағымыз келетінін толыққанды түйсінуді қажет ететінін көрсетті», - дейді.

Жаһанға танылуды мақсат етіп отырған Mirai Tech жобасының Сан-Францискоға сапары болашағы зор жолдың бастамасы ғана.