Назарбаев Университетінің жыл сайынғы ғылыми конференциясы аясындағы Жаңа материалдар мен құрылғылар симпозиумында алдыңғы қатарлы зерттеулер ұсынылды
2024-09-23 15:11
20 қыркүйекте Назарбаев Университетінің жыл сайынғы ғылыми конференциясы аясында жетекші ғалымдар, зерттеушілер мен сала мамандарының басын қосқан жаңа материалдар мен құрылғыларға арналған симпозиум өтті. «Қазақстандағы зерттеулердің болашағын қалыптастыру: табысқа жету үшін бірге жұмыс істеу» тақырыбымен өткен шара Қазақстанның жаһандық ғылымға қосып жатқан елеулі үлесін атап өтті.
Симпозиум барысында әртүрлі салаларда наноқұрылымдық материалдарды пайдалану, тұрақты химиялық синтез және жаңартылатын энергиядағы инновациялық шешімдер туралы қызықты баяндамалар ұсынылды.
«НУ жыл сайынғы конференциясы аясында жаңадан шыққан материалдар мен құрылғыларға арналған үшінші симпозиумды ұйымдастыру біз үшін үлкен жетістік болды. Негізгі спикерлер қатарында профессор Анджела Бельчер (MIT), профессор Нианцян Ву (UMass Amherst), профессор Хироши Мацуи (CUNY/Корнелл университеті) және профессор Сарқыт Құдайбергенов (IPMT) сияқты беделді ғалымдарды көргенімізге қуаныштымыз. Бұл симпозиум материалтану зерттеулерінің және оның энергетика мен денсаулық сақтау саласындағы маңызын көрсетеді және НУ мен MIT, Cornell және UMass сияқты беделді институттар арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Бұл біздің университетіміздің әлемдік аренадағы танымалдылығын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар барлық деңгейдегі ғалымдар үшін ынтымақтастық пен жаңа ғылыми жетістіктерді ілгерілету алаңын қамтамасыз етеді»,- дейді Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіндегі Химиялық инженерия және материалдар технологиясы кафедрасының өкілі, профессор Нұршат Нұраже.
«Химиялық инженерия және материалдар технологиясы» кафедрасының PhD докторанты Мақпал Рахатқызы болса «Симпозиумда өз жұмысымды ұсынып, әріптестеріммен тәжірибе алмасуға мүмкіндік болды. Бұл мен сияқты жас зерттеушілер үшін маңызды қадам. MIT, Cornell және UMass сияқты беделді университеттердің жетекші ғалымдарының дәрістері мені зерттеулерімді одан әрі дамытуға және шығармашылық ойлауды ынталандыруға шабыттандырды. Назарбаев Университетіне әлемдік ғалымдардың келуі біз үшін ынтымақтастық пен зерттеулеріміздің сапасын арттыруда аса маңызды» дегенді айтады.
Симпозиумда Мақпал инновациялық әдістер қолданылатын 5-ГМФ синтезіне арналған зерттеулерін таныстырды. «Терең эвтектикалық еріткіштерді қолдану арқылы биомассадан алынған инновациялық микротолқынды және үздіксіз ағынды 5-ГМФ синтезі» атты ғылыми мақалам жақында жоғары дәрежелі Chemical Engineering Journal (https://doi.org/10.1016/j) журналында жарияланды. Зерттеу барысында біз микротолқынды синтездің реакция уақытын айтарлықтай қысқартуға және процесті басқаруды арттыруға болатындығын көрсеттік, ал ағындық реакторлар үздіксіз және масштабталатын өндіріске мүмкіндік береді, бұл әсіресе өнеркәсіп үшін маңызды»,-дейді жас зерттеуші.
Зерттеуінің әлеуеті туралы айта келе ол: «5-HMF - бұл биоотын, биологиялық ыдырайтын полимерлер және басқа да маңызды қосылыстарды жасауға жарамды әмбебап құрылыс материалы. Экологиялық таза DES еріткіштерін пайдалану жасыл химия принциптеріне сәйкес келетін синтез процесін жақсартады. Бұл қазба отындарына тәуелділікті азайтуға және биомасса сияқты жаңартылатын ресурстарды пайдалануға көмектесетін тұрақты химиялық технологияларды ілгерілету үшін маңызды» екенін атап өтті.
Сондай-ақ Мақпалдың айтуынша бұл зерттеу Қазақстан үшін ерекше маңызға ие. «Біздің биомасса ресурстарымыз тұрақты технологияларды дамытуға мүмкіндіктер ашады. Бұл жасыл экономиканың өсуіне серпін беріп, Қазақстан жаһандық деңгейде тұрақты дамуға көшуге үлес қосуы мүмкін»,-дейді.
Осылайша симпозиум Қазақстанның дүниежүзілік материалтану саласындағы зерттеулердің маңызды қатысушысы ретіндегі рөлін көрсете отырып, академиялық және өнеркәсіптік сарапшылар арасындағы ынтымақтастықты нығайту алаңына айналды.