«Jas Social Impact» байқауының жеңімпаздарымен таныстыруды жалғастырамыз. Еске сала кетейік, биыл НУ Әлеуметтік даму қорының байқауында Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіндегі екі студенттің жобасы жеңімпаз деп танылды. Соның екіншісі – «Gulde». Жоба жетекшісі Әлихан Тәліпбаев Электротехника және компьютерлік инженерия бойынша баклавриаттың 3 курс студенті. Жобаның тең құрылтайшысы Санжар Қайдаров. Ол да аталған мамандық бойынша 3 курс студенті. Олар қолжетімді гидропоника әдісімен жем-шөп өсіру қондырғыларын шығаруды жоспарлап отыр.
Әлихан, жобаңыз туралы айтып берсеңіз? Идея қайдан келді?
Гидропоникаға деген қызығушылығым 2020 жылы карантин кезінде басталды. Барлық жер жабылып, бәріміз үйге қамалған мамыр айының ортасы болатын. Әкем екеуміз көкөніс егу үшін саяжайға бардық. Өздеріңіз білетіндей, көкөніс егу оңай емес. Алдымен жерді жыртып алу керек, содан кейін топырақты «ояту» үшін оны молынан суару қажет. Әрине, бұл жұмыстың бәрі менің мойнымда болды. Сорғылар мен құбырлар болмағандықтан шелекпен суардым. Инженер болғандықтан, бұл маған ұнамады. Сондықтан жұмысты жеңілдетудің амалын іздеп, ақпараттарды ақтардым. Гидропоника технологиясымен таныстығым осылай басталды. Бірінші гидропоникалық қондырғымды балконға орнаттым. Қондырғыны құрастыру және күту жерді қазудан әлдеқайда оңай болды. Күн сайын су өткізгіштігі, рН деңгейі сияқты басқа да параметрлерді тексеруге бір сағаттан аз уақыт кетті. Сенсорларды қолдандым және оларды бақылау тақтасындағы барлық ақпаратты көре алатындай етіп жасадым. Мен мектепте робототехникамен айналысқанмын, бірнеше зерттеу жобаларым да болды. Сондықтан инженерия мен автоматтандырудан хабарым бар еді. Ал бұл өз кезегінде менің алғашқы қондырғымды құруға көмектесті. Төртінші аптаның соңында қиярдың алғашқы өнімін жинап алдым. Өте дәмді болып өсті. Сол сәттен бастап мен осы технологияға терең үңілдім және 2 жыл ішінде командамызбен көкөністердің әртүрлі түрлеріне арналған бірнеше гидропоникалық қондырғылар орнаттық.
Неліктен дәл осы саланы таңдауды шештіңіз? Сіздің жобаңыз қандай пайда әкелуі мүмкін немесе ол қандай мәселені шешеді?
2021 жылы Қазақстанның оңтүстік-батыс облыстарында құрғақшылық пен жем-шөп тапшылығы салдарынан мал басы жаппай шығынға ұшырады. Біз бұл мәселені бірден зерттеп, зардап шеккен шаруаларға көмектесудің жолдарын іздей бастадық. «Gulde» жобасы осылай пайда болды. Жоба арқылы қуаңшылықтан зардап шегіп, малына қажетті азық таба алмай қиналған шаруаларға көмектесуге тырысамыз. Біз гидропоникалық қондырғыларды орнатамыз. Ал, фермерлер шөп тапшылығынан арылады. Көптеген адамдар гидропоника биологияға қатысты деп ойлайды, бірақ олай емес. Мұнда ең бастысы – технология мен автоматтандыру. Инженерлік факультеттің студенті ретінде мен және менің командам үшін технологияның заманауи мәселелерді қалай шеше алатынын көру өте қызық. Біз алған білімімізді іс жүзінде қолданып, қоғамға пайдамызды тигізгіміз келеді. Болашақта бұл технологияны одан әрі зерттеп, басқа салаларда қолдансақ деген де ойымыз бар.
Келесі қадамдарың қандай болмақ?
Біз университетімізде гидропоникалық қондырғылар шығаруды қолға алмақшымыз. Биылғы мақсатымыз – прототипті аяқтап, өндірістік нұсқасын жасау. Сосын халыққа таныстырып, жергілікті нарықта сатсақ деген жоспарымыз бар.