News_KZ

Профессор Ессам Шехаб отандық аэроғарыш өнеркәсібі өкілдерін сала мамандарын бірлесіп дайындауға шақырды

7 қазан күні Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіндегі «Механикалық және аэроғарыштық инженерия» кафедрасының меңгерушісі Эссам Шехаб бірқатар профессор және студенттерімен бірге «Дүниежүзілік ғарыш апталығы: ғарыштық технологиялар және патенттер» атты кездесуге қатысты. Бұл шара жыл сайын 4-10 қазан аралығында аталып өтетін Дүниежүзілік ғарыш апталығы аясында ұйымдастырылды.
Кездесу ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова мен ғарышкер, Қазақстанның Халық Қаһарманы, Әскери-әуе күштерінің генерал-майоры, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетовтің алғысөздерімен ашылды.
«KazAeroSpace» ЖШС-і отандық ғарыш саласындағы ғылыми-техникалық және патенттік-инновациялық қызметті кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырған шараға «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ, «Ghalam» ЖШС сияқты компаниялардың өкілдері жиналды. Олар өз жобаларын ұсынып, проблемалар, қиындықтар мен жетістіктері туралы әңгімеледі.
Өз кезегінде «Механикалық және аэроғарыштық инженерия» кафедрасының меңгерушісі, профессор Эссам Шехаб, қауымдастырылған профессор Басман Елхадиди, ассистент профессорлар Еркін Әбділдин мен Ербол Сарбасов Назарбаев Университеті қабырғасында болашақ аэроғарыш инженерлерін қалай дайындап жатқаны туралы баяндады.
Эссам Шехаб жиналғандарды кафедрамен, оқытушылық-профессорлық құраммен және академиялық бағдарламалармен таныстырды. Студенттерге оқу барысында берілетін түрлі мүмкіндіктер, түлектер мен студенттердің жетістіктері, ғарышқа маманданған студенттік ұйымдар туралы әңгімелеп берді. Бұнымен қоса, өз сөзінде сала өкілдерін болашақ аэроғарыш инженерлерін бірлесіп дайындауға шақырды.
«Біздің академиялық бағдарламаларымыздың маңызды құрамдас бөлігі – Capstone жобасы. Ол студенттерге алған білімдерін нақты жағдайларда қолдануға және білгендерін көрсетуге мүмкіндік беру үшін жасалған. Студенттерді саламен тығыз байланыста ұстау үшін біз «AirAstana», «Airbus», «Ghalam» сияқты компаниялармен ынтымақтасамыз. Алайда біз білім береміз, ал тәжірибені олар сіздерден алады. Сондықтан Қазақстанды білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін біз белсенді түрде ынтымақтасуымыз керек», – деді профессор.
Сондай-ақ ол кафедрада 292 студент оқитынын айтты. Оның ішінде 243 студент бакалавриатта, 31 студент магистратурада және 18 студент докторантурада білім алуда.