Media about SEDS_KZ

Қазақстанда нейроинтерфейсті кімдер дамытуда және НУ қабырғасында құрастырылған экзоскелеттің мүмкіндіктері қандай?

Сөйлей алмайтын адамның ойын білуге болады ма? Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің ғылыми қызметкері Жеңіс Отарбаевтың жобасы осы сұрақтың шешімін табуға бағытталған. Жеңіс нейроинтерфейстің медицинада қолдану аясын кеңейту арқылы отандық нейрореабилитацияны дамытуға ат салысуда. Бұл түрлі себептермен қолы мен аяғы жұмыс істемей қалған және сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарды оңалту процесін тездетеді. Бұл себептер инсульт, церебральды сал ауруы немесе Паркинсон ауруы болуы мүмкін. Олардың миындағы импульстер электроэнцефалограмманы тіркеуге арналған электродты бас киім арқылы оқылады. Жалпы бүгінгі күні ми-компьютер интерфейсі (МКИ) көптеген неврологиялық патологияларды емдеуде болашағы зор құрал болып табылады.

«Мидағы ақпаратты алудың екі түрлі тәсілі бар. Инвазивті және инвазивті емес. Біздікті инвазивті емес. Мидағы сигналдар электродты бас киім арқылы алынады. Ол сигналдар компьютерге түскенде адамның не айтқысы келгенін иә болмаса қандай қимыл-қозғалыс жасағасы келгенін яғни ойын білуге болады»,-дейді Жеңіс Отарбай.

Мидың сигналдарын оқитын құрылғының тағы бірі - басқа арналған таңғыш . Жас ғалым Дархан Жолтаевтың айтуынша, біріншісінен басты айырмашылығы батареямен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар. Бұл мүгедектігі бар адамдарға арбаны басқаруға мүмкіндік береді.

Университет қабырғасында ғылыми жоба ретінде басталған жұмыстар бүгінде медицинада әлеуеті жоғары шешімдерге айналуда. Соның тағы бірі - медициналық экзоскелет. Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебінің магистранты Шыңғыс Дәулетбаевтың айтуынша, бұл тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарды яғни өздігінен жүре алмайтын адамдарды оңалтуға арналған.

Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебіне қарасты лабороториялардың бірінде жүргізіліп жатқан осы үш ғылыми жоба туралы егжей-тегжейлі «Хабар 24»  арнасындағы «Диагноз» бағдарламасы айтып берді.